Алғы сөз


«Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – деген ұлы ақын Абай Құнанбаев.

Кітап – рухани азық. Ол адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді, қай кезде де адам жанына демеу болады. Кітапсыз адам өмірі бос. Кітап біздің тұрақты, мәңгілік сенімді серігіміз.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы оқу ісін ілгерлету, оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық көзқарас, сондай-ақ жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында «Бір ел - бір кітап» атты акция жариялады. Акция аясында 2007 жылы еліміздің тұрғындары Абайдың «Қара сөздерін», 2008 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабын, 2009 жылы Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» өлеңін, 2010 жылы Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасын, 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқыды. 2012 жылы жалпыхалықтық оқуға Оралхан Бөкеевтің шығармалы таңдалып алынды.

Оқырмандарды кітап оқуға тарту, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру және «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушы Оралхан Бөкеевтің шығармаларын насихаттауға байланысты С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Кітап - сарқылмас рухани қазына» атты электрондық басылым шығарып отыр. Бұл электрондық басылым үш бөлімнен тұрады. 1 бөлім - «Білімнің көзі кітапта» деп аталады. Ұлылардың кітап жайлы айтқан қанатты сөздері, кітап туралы өлеңдер берілді. 2 бөлім – «Бір ел – бір кітап» акциясы. Бұл бөлімде акцияның ережесі, тарихы және іс-шаралар жоспары берілді. 3 – бөлім Жазушы Оралхан Бөкеевтің өмірі мен шығармашылығына арналды.