Бөкеев Оралхан
(1943 - 1993 жж.)
Қазақтың көрнекті қаламгерінің бірі Оралхан Бөкей 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында туған.
О. Бөкейдің әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болған. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығарған. Керемет даусы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.
О. Бөкей 1961 жылы Шыңғыстайдың Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектебін тамамдап, сонда пионер вожатыйы, кейін “Алтай” кеңшарында тракторшы болып еңбек еткен. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдап, өз өңіріндегі Большенарым ауданында “Еңбек туы” және Шығыс Қазақстан облыстық “Коммунизм туы” газеттерінде тілшілік қызметтер атқарды. Ара – тұра Алматыдағы «Лениншіл жасқа» мақала – очерктерін жіберіп тұрады. Қаламы жүйрік, ойлары отты жалынды жасты газеттің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның қырағы көзі қалт жібермеді. Сөйтіп жиырма бес жастағы жас журналист О. Бөкеев Алматыға келіп, “Лениншіл жас” (бүгінгі “Жас алаш”) газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды. Публицистикаға даңғыл жол осылай ашылды. Бұдан кейін “Жұлдыз” журналының проза бөлімінде (1974 - 1983) қызмет атқарды. 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары болды. 1991 жылдың қазан айында О. Бөкей “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторлығына тағайындалады. Ол бұл газетте өзінің өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырған. Сол қолтаңба - өзгерістер мен жаңалықтар, жаңа айдарлар өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Мысалы, «Құмсағат» айдары үлкенді – кішілі оқиға, жаңалықтарға баға берер оқырман хаттарын жариялап тұрды. Сол арқылы белгілі бір кесімді уақыт аралығында не жоғалттық, не таптық деген сауалға жауап іздеді. «Сыр сандықты ашып қара» айдарының арамыздан ерте кеткен ақын жазушылардың бұрын жарияланбаған шығармаларын, жазысқан хаттарын, естеліктерін жарыққа шығаруда, уақыт уыты мен замана желі сарғайтқан қолжазбалар, көне фотосуреттерді іздеп тауып, оқырмандарға жеткізудегі маңызы зор болады. Оның өзектілігі аяқалысынан –ақ, ғалым, жазушы Нығмет Ғабдуллиннің Ғабит Мүсірепов туралы естелігін жариялаған күннен-ақ көрінеді.
Оралхан Бөкейдің саяси мақалаларындағы еркіндік, ешкімге жалтақтамайтын турашылдық, батылдық, ол заман үшін үлкен жаңалық еді. О. Бөкей «Қазақ әдебиетінің» басшылығына басылым атаулыны қиындық қаусатқан тұста келді. Күрт түскен таралым, еріксіз қол үзген оқырман, қағаз, бояудың тапшылығы әсерінен 125000 оқырманы болған «Қазақ әдебиеті» газетінің таралымы 5000 данаға дейін құлдырады. «6 миллион қазаққа 5 мың ғана «Қазақ әдебиеті», сонда жабыламыз ба, қайтеміз, ағайын!» (23.10.92) деген мақала жарық көрді. Оқырман жинау мақсатында ақындар айтысын ұйымдастырады. Алайда, аяқтан шалу аяқасты басталды. Ол жөнінде О. Бөкей «Айтыс өткізуге Мәдениет минстрлігі қарсы болды. Министрдің өзі қарсы болды. Айтыскер ақындар мен жыршы – термешілердің одағы қарсы болды. Қарсы қағаздар жазылды. Соның салдарынан айтыс өткізуге тиісті Республика сарайын алып қойып, бір жұма сарсаңға салды» (Қ.Ә. 25.12.92) деп жазды. Мұндай кедергілерге қарамастан айтыс өтеді. Нәтижесі жаман болмаған. Газет таралымы 67978 данаға жеткен.
Кеңестік қызыл империя тұсында қазақтың мүддесін көздеген сергек, батыл қаламгердің бірі О. Бөкей болды. Мысалы, оның Қазақстанды қойып, Ресей қарамағындағы қандастардың қамын ойлап, жоғын жоқтауы азаматтық тұлғасын айшықтай түседі. Қазақ әдебиетінің Астрахань облысындағы күндерінен туған «Еділдің бойы ен тоғай» («Қ.Ә. 28.12.89») атты мақаласында: Астраханьда қоныстанған 140000 қазақтың (сан жағынан көп екінші ұлт) әлі күнге дейін мәдени орталығы ұйымдаспағанын; Қазақ тілінде БАҚ-ы жоқтығын; Шалкиіз, Қазтуған жырау, Асан қайғы, Құрманғазы сынды бүтін бір елдің маңдайындағы жарық жұлдыздары ескерусіз, елеусіз қалғанын; Қазақ халқы мен хандықтарының тарихы, архитектуралық мұрамыз – көне қалалар мен сарайлардың орны жып – жылмағайланып, жермен жексен күй кешіп жатқандығын; КСРО Халық депутаттығына бірде –бір қазақ сайланбағанын ашып айтты. Бұл өз кезінде ешкімнің батылы барып қозғай бермейтін тақырып еді. О. Бөкей публицистикасын парақтағанда оның ұлт тілінің шын жанашыры болғанын көреміз.
Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген қаламгер оқырманын өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасымен таңғалдырды. 1970 жылы Алматыда жарық көрген “Қамшыгер” атты тұңғыш повестер және әңгімелер жинағы ерекше үнімен оқырмандарды елең еткізді. “Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған оқиғалар туралы естеліктерге толы, – деп жазды ол. – Менің жерлестерім – қазақтар – сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Олар сиқырлағандай, ата-бабасы таңдаған кеңістікте өмір сүреді. Менің туған жерге адал жерлестерім өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын”.
Қаламгер “Қамшыгерден” кейін “Үркер” (1971 ж.), “Қайдасың, қасқа құлыным?” (1973 ж.), “Мұзтау” (1975 ж.) жинақтарын шығарды. Оралханның біраз туындылары орыс тіліне аударылды. Олар: “Жасынның ізі” (1978 ж.), “Ән салады шағылдар” (1981 ж.), “Сайтан көпір” (1984 ж.), “Зымырайды поездар” (1985 ж.), “Кісікиік” (1987 ж.) повестер мен әңгімелер жинақтары. Жазушының көлемді шығармаларын айтпай, кез келген шағын әңгімелерінде де туған жеріне, тіпті оның әр түп ағашына деген ыстық сағынышы атойлап тұрады. Шығармаларының әр тармағынан туған жерге ілтипаты танылады. Оның туған өңірі – еліміздің шығысындағы шұрайлы жер, табиғаты сұлу Шыңғыстай аймағы. Ол осы кіндік қаны тамған өңірді қара жердің қойнына енгенше сүйіп, тәнті болып өтті. Туған жері – Алтайдың сұлулығын, тәкаппарлығын, асқақтығын жырлаған жазушы қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында өзін де, туған әдебиетін де осындай асқар асуға шығарып үлгерді. Оның шығармаларының кейіпкерлері – ауыл адамдары – қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар рухани дүниелері бай, бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар. Олар қиындыққа төзімді, өздеріне сенімді, адал да аңғал, ақ жүректі, кеңпейілді адамдар. “Сайтан көпір” повесіндегі мұз құрсауға түсіп қалған Аспан, “Ән салады шағылдар” повесіндегі қой отарын сұрапылдан аман сақтайтын шопан, “Қар қызы” повесіндегі ержүрек жас тракторшылар өз бейнелерінің биік парасатымен дараланатын тұлғалар.
О. Бөкейдің прозасы қайырымдылық пен зұлымдықтың тартысын нанымды бейнелейді. Адам бойындағы рухани құндылықтар жазушының шығармашылық мақсатын танытады. Қай шығармасын алмаңыз, өмірге деген құштарлық, өмірді жақсартуға деген ұмтылыс жеңіп шығады. Қаламгердің кітаптары неміс, словак, болгар, ағылшын, венгр, араб, қытай, жапон және ТМД елдері халықтарының тілдерінде жарық көрді.
О. Бөкей – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, “Молодая гвардия”, “Жалын” баспалары сыйлықтарының иегері. Жазушы “Құрмет белгісі” орденімен, Қазақ КСР Төралқасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
О. Бөкей алғашқы жұбайы - Айман қайтыс болғаннан кейін, екінші рет Ардаққа үйленген. Одан Айхан атты ұлы, Айжан атты қызы бар.
Оралхан Бөкей 17 мамыр 1993 жылы Үндістанның Дели қаласында іс-сапарда жүріп дүниеден өтті. Қазақстанға Үндістанның Премьер – министрі Нарасимха Рао ресми сапармен келетін болғандықтан, соған орай «Қазақ әдебиетіне» үнді елі жайлы материал жазып қайтуға іссапармен бірнеше журналистерҮндістанға барған еді. «Қарт Алтайдың Қатынқарағайында дүниеге келген Қаламгер сонау қиян шеттегі Үндістанның Делиінің «Тәжі-Махал» қонақ үйіндегі оңаша бөлмеде жапа-жалғыз, сапарлас серіктеріне де жалғыз ауыз сөз айтпай, жым-жырт қалыпта, тыныш, оқшау күйде жылжып келіп, фәни дүниенің өлшеулі сүрлеуін артқа тастап, бақи дүниенің болжаусыз соқпағына бет бұрар ақтық сынның үстінде дәл осылай байсал тауып баз кеше алу, дауасыз өлімді де дәл осылай жүрегі дауалап жым-жырт қалыпта, тыныш күйде қарсы алу – ірілердің ғана үлесі шығар...» дейді белгілі журналист Әмірхан Меңдеке.
Оралханның қазасын естігенде тұтас қазақ жұртының қабырғасы қайысты. Әсіресе, редакцияға жастардан келіп түскен хаттарда есеп болмаған. Бір мектеп оқушысынан келіп түскен хатта "Сіз неге ол жаққа өзіңіздің қасиетті киігіңізді алып кетпедіңіз, аға?! Ол сізді қорғап жүрер еді ғой" деген жолдар бар еді.