Жыр жолдары
/Виртуалдық көрме/
«Оралханның сүйсіне сөз қылатын бір артықшылығы оның осы кезге дейін азын – аулақ шығармаларының бәрінде де табиғи сұлулыққа, жер, су, орман сұлулығына деген қамқорлық, қамқорлық қана емес – ау, шын құштарлық, перзенттік сүйіспеншілік сезіледі. Сондай ыстық леп, терең тыныстар еседі»
Төлеген Тоқбергенов
Ел Ана сені ешқашан ұмытпайды
Жамылып қара бұлтын қасіреттің, Үзілді ортамыздан қасиетті үн. Ғұмырын соншалықты қысқа ғылып Адалдық адамдығын басым еттің
Қиятын жан емес ең кісі өлімге Сені ойлап аза-қайғым күшеюде. Тағдыр-ай арманына жеткізбедің Қырық тоғыз алып кеттің мүшелінде
Тербеген құштар жүрек, сонар – таңы Үзілді ширатылған ән арқауы. Ұшырған Ақиығын шыңдарынан Алтайдың сөнді бүгін жанартауы.
Жан едің жұрт жаудырған шын алғысын Жан едің шыңда өскен шынар-мүсін Шырылдап қалды артыңда қос балапан Қапыда кеткен қайран, қыран құсым...!
Өр едің, өр Алтайдай тірегім ең Айрылды қазақ сендей түлегінен Өзіңді қастерлеген туған елдің Жатарсың орын алып жүрегінен
Жататын араласып үміт-қайғы Қапыда Тағдыр жолы тұйықтайды.... Оралхан деген аттың орны бөлек Ел-Ана! Сені ешқашан ұмытпайды.
Айтхожина Марфуға
Аспанның өңі қарайып....
Жерінде Үнді елінің Жоғалып алтын сынығы – Кетірді көңіл сенімін Ажалдың ұзын құрығы.
Өнердің шырқау көгінен
Қазақтың ағып жұлдызы –
Көз – жасын сүртіп жеңімен,
Қасірет жұтты ұл – қызы.
Шейіт боп қапыл халқымның
Бір туар қайран асылы –
Қарашаңырағына марқұмның
Тағдырдың түсті жасыны.
Мейірімін төкті соңғы рет
Аспанның өңі қарайып –
«ОРАЛХАН Бөкей ӨЛДІ! – деп».
Айтамыз қалай халайық ?!
...Қисынсыз қыршын кеткенше
Қырқылжың кетер
жол қайда?! –
Қайғының қосын жеккенше
Қаламым сынса болмай ма?.....
Иран-Ғайып
Жүзіңде бір мұң жататын
Сабырдың өзін көп сұрап
Алланы да мезі еттік.
Көрмедік бірақ томшылап
Мынадай сұмдық кезекті.
Оралжан – ау, рас па,
Сенің де жоқ боп қалғаның
«Ажалдың жөнін сұраспа» -
Деуші еді ескі шалдарым.
Аз жылда сенің жоғалтқан
Аз ба еді жақын жандарын?
Енді кеп саған оқ атқан
Тағдырды қайтіп қарғармын?
Өзгеше біткен қазақтың
Өнерпаз ұлы дара бір.
Жасадың ғұмыр аз-ақ күн,
Жасамай елу және бір.
Жаныма қатты батушы ед
Көргенде суық бетіңді,
Жүзіңде бір мұң жатушы ед
Қасіреттің мөрі секілді.
Алтайдың сұлу таулары
Орнынан бүгін аунады
Жоғалтып күнін саудағы.
Маңыды марал, маңырады.
Маралдай сұлу жігіт ең
Қараптан қарап сүйікті ең.
Табиғат – Ана үміті ең
Айнымайтын сүйріктен.
Қарғып кеттің қалайша
Адам озбас биіктен?
Өмір заңы солайша –
Жан өртенер күйіктен.
Қош бауырым, Оралым –
Жатар да жерің енді сыз.
Қаралы жүрек жаралы
Жазылар қашан – белгісіз....
Ғафу Қайырбеков
БІРТУАР
(Оралхан Бөкейге)
Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ Ақыны –
Кербұғы секілді Қазақтың кербезі!
Оғлан Ойлары тұңғиық тебіреніп,
Арудай Сезімі тәкаппар еміреніп,
Өзендей буырқанып тасыған арнасы;
Бұрынғы Әулие,
Кешегі Жыраулар жалғасы –
Сұңқардай шүйліп,
Лашындай түйіліп,
Тұйғындай толғанған;
Тілегі Алашқа,
Жүрегі Алтайға айналған,
Қаламы ғарышпен сүйісіп,
Кіндігі Еліне байланған –
Оралхан!
Шоқпардай маңдайдан шексіздік шашырап,
Болмысы жаралған бір тентек Арманнан.
Тылсымнан тылсымға тылсым боп жалғанған
Көкірек көзінен аққудай ақиқат сұңқылдап,
Еркіндік қырандай қомданған!
Әттең – ай!
Дүния – ай, не деген шолақсың?!
Найзағай отындай жарқ етіп Бес Күннен,
Жан, Аға, о, неге тым ерте көштің сен?!
Сендегі әр Сөзде – Қос Әлем шалықтап,
Құдайдың «дауысы» құпия естілген!
Жанардан сорғалап жалғанға жаңбыр – мұң,
Өкіндік өртеніп, өксік жеп опындық.......
Қайтейік,
сұп – суық сызығы сызылса Тағдырдың....
Жан, Аға!
Өлімнен қорқатын мынау бір әлемге,
Өлмейтін Сөзіңді қалдырдың!
Ал, қазір біздің Жақ –
Биліктің қан – жынын ұртына тыққылап,
Қалғанын, мұртымен сүрткілеп жарысқан,
Ар өліп, тұншығып ұяттар,
сатқындар сатқынмен табысқан.
Сен айтқан: «Сейітқұлдар» - «құрметті әкімдер»,
Сен айтқан: «Анаулар» - «атақты данышпан».
Ақылын қорлаған, иманын таптаған,
Атасын, күшігін, айғырын мақтаған.
Не деген кө-ө-өп еді жазушысымақтар,
Шыбындай қаптаған!
Біздің Жақ осындай,
Ішімнен жылаймын, ызамен күлемін,
Сен айтқан: «Бархандай» қан құсып жүрегім,
Сен айтқан: «Ақтандай» ашынып жүремін.
Жан, Аға!
Біздің Жақ мәз-мейрам рухани тұралап,
Жанымды кім келіп жұбатар?!
Хәлімді қай адам сұрамақ?!
Қайтадан оралшы біздерге, Оралхан,
ҰЯТТЫҢ отына өртенсін мына Жақ!!!
Қарағызұлы Бауыржан