Артқа

«Алтайдың асқақ жыршысы»

Оқырмандар конференциясының үлгісі

«Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер».

Дулат Исабеков

Оқырмандар конференциясының мақсаты: «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қоғамдық орындарда көпшілікті кітап оқуға тарту. Жазушы Оралхан Бөкей өмірі мен шығармашылығын насихаттау.

Көрнекілік: кітап көрмесі, слайд.

Кітапханашы: Оралхан Бөкеев – бар жанрда бағын сынап, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде ғажайып із қалдырған аса көрнекті жазушы, қайраткер қаламгер. Оның қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі де ерекше. Оралхан Бөкеев адамның ішкі әлемін ашып, оның жан – дүниесін үніле зерттеуге талаптанған романтик – жазушы. Оның қай шығармалары болсын көтерген, қалам сілтеген негізгі тақырыбы – адам тағдыры, табиғат, олардың тұтастығы бірлігі: Адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Алтайдың асқақ жыршысы» атты оқырмандар конференциясын ұсынамыз. Бұл конференцияда талантты жазушы Оралхан Бөкеевтің өмір жолдары мен шығармашылығы арқылы «Қайдасың, қасқа құлыным» кітабын талқыға салу көзделеді.

Оралхан Бөкеевке арналған жыр жолдары оқылады, слайд арқылы экраннан жазушының кітаптары, суреттері беріледі.

Кітапханашы: Оралхан Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Қатон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған. 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған. 1968 жылы республикалық "Лениншіл жас" газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда "Жұлдыз" журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады.

Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған соң да аттандап: "Алтайдың кербұғысы!", "Мұзтаудың мұзбалағы!" деген сынды эпитеттерді қарша боратқан. Бала Орашты, бозбала Оралханды, жазушы әрі қайраткер Бөкеевті танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті шығар. Оралхан - жазушылыққа өзін бала кезінен дайындаған адам. Жиырма жасына дейін ел деген, Өр Алтай деген құнарлы да қыз - табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен ол, өз санасында сандаған повестер мен сарытап сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген екен.

Кітапханашы: Қазақ әдебиетіндегі орны бөлек тұлғалы қаламгерлердің бірі. «Жазушылық дегеніміз, - дейді ол, - шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз – сол шындықты шырақ алып іздеудің бірден – бір формасы». Осыдан – ақ талантты жазушының бүкіл шығармашылығындағы темірқазық бағдары аңғарылып тұрған жоқ па! Оның қай шығармасын алсаңыз да іздейтіні шындық, зерлейтіні ақиқат. Өзінің шығармашылық аз ғұмырында Оралхан осы жолдан айнымай өтті. Тынымсыз еңбегінің, игілікті ізденісінің арқасында Оралхан Бөкей әдебиетімізге өзіндік бетімен, өзіндік өрнегін сала келіп еді. Оның алғашқы әңгіме – повестерінен – ақ («Қамшыгер», «Үркер», «Бура», «Кербұғы», «Қайдасың, қасқа құлыным») ешкімге ұқсамайтын өзінше сөп саптамасы, асқақ мінезі, алғыр зерде – зейіні оқушысын бірден баураған болатын. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде асқақтыққа, өршілдікке тартып, толғау – толғаныстары кең тынысты, өзгеше үнді болып шығатын. Олардан бірде романтикалық құштарлықты, бірде публицистік от – жалынды, бірде реалистік өткірлікті, енді бірде сағыныш – мұңға бөлейтін лирикалық әуенді айқын аңғарар едік.

О. Бөкей бір сөзінде: «Мені әдебиетке әкелген - журналистика» - дейді. Шындығында оның очерк – эсселері қазақ журналистикасына жаңа леп, соны серпіліс алып келді. Қарапайым суреттеме очерктің өзін Оралхан жұрт қызыға іздеп оқитын көркем дүние денгейіне көтерді. «Мен очеркке жан бітірдім, бойына қан жүгірттім», - дейді ол.

Ұлы драматург Б.Шоу «Әрбір талантты жазушы ең әуелі өз замандастары жайлы жазуы тиіс» деген екен. О. Бөкей де қолына қалам ұстағаннан – ақ , өз замандастарының мұңы мен қуанышын шынайы суреттеуге тер төккен қаламгер. Бұл ретте автордың өзі де: «Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын», - деген болатын. Оның кейіпкерлері – «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өліарадағы» Қойшы, «Елең - алаңдағы» Зарлық, «Құм мінезіндегі» Бархан, «Мұзтаудағы» Ақтан, «Өз отынды өшірмедегі» Дархан, «Сайтан көпірдегі» Аспан - өзіміз күнде араласып жүрген қарапайым замандастарымыз. О. Бөкей өз кейіпкерлерінің іс-әрекетінен гөрі, олардың ішкі әлеміне, жан – дүниесіне көбірек үнілетін қаламгер. Автор шығармаларында кейіпкер ой-толғаныстарының көбіне табиғат суретімен араластырып, астасып жататындығында. Өйткені, табиғаттың төл перзенті адам сол табиғат иесін сезініп- түйсінген кезде оның арманшыл – қиялшыл болмауы мүмкін де емесқой. Кейіпкер бейнесін табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту да О. Бөкей шығармашылығының өзіндік бір қыры десек керек. Осы орайда өзі де табиғаты тамылжыған таулы өлкеде туып - өскен жазушының шынайы табиғат жыршысы болғанын айырықша атаймыз. Ол - Өр Алтай, асқар Алтайдың асқақ жыршысы!

Кітапханашы: "Кербұғы" - символ. Бұл әңгімеде аң дүниесі мен адам дүниесі жер мен көктей астасып, тұтасып кетеді. Кербұғы - өлімнің ақиық шыңына мойынсұну, өмірді қимастықты қиянатқа қимау; өмірді сүю өлімді мойындауға барып тірелетін қорқытшылдық идеяның мәңгілігі шығар. Әдебиетте аң бейнесін сомдау барлық жазушылардың асыл арманы, бірақ оны ұғыну оңай емес, аң бейнесін ашу тіптен қиын, хайуанаттар әлемінің өз философиясы мен таным-зердесі өткізбейтін асу тәрізді. Дүниежүзілік әдебиетте осы асудан өткен жазушылар нағыз суреткерлер. Оралхан Кербұғысына тіршілік философиясын салып жіберуге жаны құмартып, сол сүйіспеншілігінің арынын баса алмай алқынатынын оқырман жүрегі сезбей және қалмайды. Кербұғы - дүниедегі ең асыл қазына аң баласы үшін бостандық, еркіндік болса, автор сол бостандықтың да шектеулі, әншейін ашкөздіктің құрбандығына шалына беруге үкім етілген жалғандығына шағынады. Маралдардың мүйізін отап, қан қылып кесіп алатын адамдардың қылығы бұл әңгімеде астары терең символға ұласар еді. Сол «Кербұғыдағы" қат-қабат астарды адамзат қоғамына да телісе болады. Сонда ойлайсың, осы адам баласы қашан шын азат күйін бастан кешеді деп. Осы әңгімедегі маралдарды қоршау, Кербұғының қоршауды бұзып, қарғып өтіп табуы - ол нендей қоршау, жазушы онымен не айтқысы келеді? Осы әңгіме қоғамдық, әлеуметтік өмірге наразылық емес деп толық илана алар едік.

Оқырман: «Кербұғы» әңгімесінен үзінді

Кітапханашы: Жазушы Оралхан Бөкеевтің шығармашылық өмірі тек ғана өнермен, соның інжу - маржанымен көмкерілген Оралхан кербез жымиып, әне арамызда жүр... Ел айтады: "Оралхан Бөкеев тіпті де өлмепті. Ол түз тағысына - Кербұғыға айналып, алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен"... О.Бөкеевтің шығармашылық жолы 1970 жылдан басталады. О.Бөкеев әдебиетімізге өз өрнегімен келген жазушы. Ол алғашқы әңгіме повестерінен-ақ оқушысын бірден баурап әкетіп еді. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде өршілдікке тарта беретін. О.Бөкеев - әдебиеттің киелі босағасын аттаған күннен бері өз заманын, сол заманда ғұмыр кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын шығармаларына арқау еткен жазушы. Оралханның кейіпкерлері- өзіміз күнделікті көріп, араласып жүрген замандастарымыз. "Жетім бота", "Мынау аппақ дүние" повестерін, ондағы Тасжан, Нұрлан, Луйза бейнелері поэзия тілімен өрнектелген деуге болады. "Бәрі де майдан" повесіндегі Ақан мен Құмырай- адалдық пен арамдықтың, қарапайымдылық пен қатыгездіктің бітіспес күресін көрсететін типтік бейнелер. Оралханның қазақ әдебиетінде салып кеткен өзіндік жолы бар. Жазушы Алтайды, еңбектің сан түрлі саласында ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген адамдарын тек өзіне ғана сыйымды, ғажап пейілмен сүйе білді. Олардың сан - салалы, қилы-қилы тағдырларын өзінің үлкенді -кішілі шығармаларына өзек етті. Жазушының қандай да бір шығармасын қолымызға алып, парақтай бастасақ оның әр бетінен ауыл иісі, ауыл тұрмысы аңқып тұрады. Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхан Бөкейдей сүйіп, жырлаған жазушы әзірге жоқ. Ол - табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант. Оралхан кейіпкерлерінің тағы бір ерекшелігі - олар арманшыл, қиялшыл болумен бірге ойшыл, мұңшыл, жан-дүниелерінде сағынышқа толы аңсау, ынтығу, күрсініс пен өкініш, шексіз ынтызарлық, жұмбақты сыр жатады. Олармен бірге белгісіз бір сағынышқа толы мұңға беріліп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың.

Кітапханашы: Оралхан Бөкей драматург ретінде де көп танымал. Оның «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Зымырайды пойыздар», «Желтоқсан желі» пьесаларында да заман тынысы, адамдардың алуан түрлі адамгершілік қарым – қатынастары, арман – қиялы, ұмтылыс – құлшыныстары көрініс береді. Бұл шығармалар ұзақ жылдар театр сахналарынан түспей, көрермен көпшіліктің рухани азығына айналғаны белгілі.

Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, ол «...Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Алыс – жақын елдерде аты «қазақ» деген сөзбен қабаттаса айтылатын азғантай тұлғалардың біріне айналды... Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді».

Өмірден ерте кеткенімен артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей ұлттық көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адамның сезім тұңғиығына, жан – дүние тереңіне, ой – арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның игілігіне қызмет ете береді.

Конференция тақырыптары:

  1. «Оралхан Бөкеев – талантты жазушы»
  2. «Оралхан Бөкеев –драматург»
  3. «Оралхан Бөкеев - журналист»
  4. «Оралхан Бөкеев – тіл жанашыры»
  5. «Оралхан шығармаларындағы миф»
  6. «Мұзарт шыңындағы биік тұлғалар»

жоғарғы бет