Артқа

Өмір жолы

/Виртуалдық көрме/

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды. 1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды. Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. Ол өз туған жерін жанындай сүйді, оған мәңгі ғашық болып, сол ұлы махаббатын ақтық демі біткенше қағазға түсіріп өтті. Әдебиетке келудегі мақсаты да сол. «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан кем емес. Бірақ оны жырға қостын, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ. Мен алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Мен мақсатыма жетемін деп сенемін», - деген екен қаламгер. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалық қамқорлығы ерекше әсер етті. Өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді. Оның прозасы мен драматургиясында қоғам өмірінің өзекті мәселелері, ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, жалпы адам проблемасы публицистикалық сарында өткір қойылды. Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Оның өзге тілде жарық көрген шығармалары - «След молний», молодая гвардия, М, 1978; «Поющие барханы», Советский писатель, М, 1981; «Чағылған», Қырғыстан, Фр., 1981; Христо Данов, Болгария, 1981; «Кербұғы», Эстония, 1981; «Крик», Советский писатель, М, 1984; «Үркер ауып барады», Фольк Унд Вельт, Берлин, 1982.