Ғалия БӨКЕЙҚЫЗЫ,
О.Бөкейдің қарындасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының
орынбасары, «Кітап патшалығы» журналының бас редакторы:
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАУЫРМАЛ, ЕҢ АҚЫЛДЫ, ЕҢ ТӘКАППАР АДАМ МЕНІҢ АҒАМ ЕДІ
- «Ағам менің сырласым да, мұндасым да, тірегім де, панам да еді. Өйткені екеуміз талай қайғы – қасіретті де, қуанышты кезеңдерді де бірге өткіздік. Мен ағамды қатты жақсы көруші едім» деген жылы сөздерге толы естелігіңізді оқыдым. Оралхан Бөкей сізге қандай аға болды?
Араларыңыз қанша жас еді?
- Мен ес білген кезімнен бастап, өмірінің соңына дейін ағамның қасында болдым. Оның біреуге қатты ренжігенін немесе біреу туралы сыртынан ғайбат сөйлегенін бірде бір рет естімеппін. Жас айырмашылығымыз -18 жас. Қандай кездейсоқтық, ағамның Үнді еліне жасаған сапарынан оралмай, мәңгі ұйқыға кеткеніне де биыл -18 - жыл. Ағамды қатты сағынам. Өйткені ол менің ең жақын адамым еді. Үйдің кішісі болғаннан шығар, ағам мені көп ойнатты. Баламен балаша ойнаудың әрі балаша ойлаудың шебері еді. Әлі көз алдымда, Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде қызмет істеп жүрген кезі еді. Сол 1965 жылы қар қалың жауған. Мені жылы киіндіріп, «маған көмектесесің» деп қар күреуге алып шықты. Өзі қарды тау қылып үйіп тастады да, маған: «Сен енді қармен амандас», - деді.
Мен құшағымды кеңжайып қарды құшақтаймын деген кезде жаңа жауған қарға кіріп кеттім. Бұл қылығыма мәз болып күліп алып, аппақ қардан менің басымды ғана қылтитып шығарып қойып, «Сен енді аққала болдың» дейтін. Бір сәттік болса да ойынның естен кетпес түрлерін тауып ойнататын. Ағаммен тығылмақ ойнаған кезде үйдің терезесін сындырып, нан салатын пештің төбесін ортасына түсірген кездеріміз болған. Апам «әй, Ораш-ай, баламен бала болып кететінің-ай» дейтін. Сонда ағам «Баламен бала болып ойнамасаң, қалай ойнайсың», - деп күлетін. Балалық шағымда ойын арқылы өмірге көзқарасымды қалыптастырған ағам болды.
Барлық киімдерімді, көп ойыншықтарымды ағам әкеліп беретін. Менің ағам әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды, ең көрікті де сымбатты, ең көңілді, ең дана да данышпан, ең тәкаппар, ең шыншыл да адал адам ретінде жадымда қалып қойды. Мен бақыттымын, Оралхандай аға екінің бірінің маңдайына бұйыра бермеген. Тіпті, студент кезімдегі достарым үйде ағамды көрген кезде таң қалатын. Жатақханада тұратын құрбы қыздарым бір көріп әңгімелесіп кеткен кезін ұзақ ұмыта алмай жүретін. Бір қараған адамға қаталдау болып көрінгенімен, сөйлесе келе жүзінен адамгершілік нұры төгіліп тұратынын байқауға болатын.
- Әкеңіз Бөкей көп сөйлемейтін болатын, сөйлесе «алтын жалатқан қорғасындай әрі сұлу, әрі салмақты» сөйлейтін жан болған екен. Оралхан әкеге тартып туған ұл ма? Анаңыз қандай жан еді?
- Оралхан Бөкейді Алланың өзі талантты етіп жаратқан. Ағамның 40 жасқа толған туған күн кешінде Алматының Жамбыл көшесінде тұрған үйіндегі шағын дастарқан басында отырып, қазақ көркем сөзінің хас шебері Әбіш Кекілбайұлы: «Оралхан өмірге шыр етіп түскенде, таланттың топырағы бұрқ етті» депті. Әр адам өзінің туған топырағына тартып туады. Ол рас та шығар. Ағамның талантының ұшқындай бастауына туған Алтай топырағының әсері, ықпалы өте зор болғаны анық. «Мұзтаудың мұзбалағы», «Алтайдың Кербұғысы» деген теңеуді Тәңірі өзі берген сияқты.
Енді текпен, қанмен келген талантқа тоқталсақ, арғы атамыз Қаратай баба өз заманының батыры, рубасы әрі биі болған. Одан бері біздің өңірдегі Әбдікерім болыстың биі атанған жағы жоқ шешен, Дос би – Бөкейдің әкесі Исаханмен бірге туысқан біздің арғы атамыз. Ағамның «Апамның астауындағы» апам деп отырғаны осы – Дос бидің бәйбішесі Сарқыт.
Ал Оралханның әкесі мен шешесінің екеуі де – ерекше жандар. Әкем Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам еді. Ол кісі біреуге жақсылық жасаса қуанатын. Дауыс көтеріп ашуланғанын көргенім жоқ. Өте сабырлы еді. Көп нәрсені көзқарасымен-ақ ұқтыратын. Өзінің отбасына ғана емес, осы өңірдегі адалдық мектебінің ұстазы саналатын. Тарихты, дастан-жырларды, аңыз әңгімелерді көп білетін. «Қалқаман-Мамыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» дастандарын жатқа айтатын зерек еді. Әдемі дауысы болмаса да, айтысқа келетін мақамымен әндетіп отыратын. Той-томалақта, отырыстарда айтысып, талайды жеңіп кететіні бар-тын. Оның үстіне әкем бізді жанына ертіп, табиғатқа алып шығатын. Сөйтіп аты аңызға айналғана Ару Алтайдың арғы шежіресі жайлы тарихи деректерді, жер-су атауларының шығу төркіні туралы әңгімелерді майын тамыза әңгімелеп беретін. Әкеден көргенін жалғастырып, ағам да үш жасқа толмаған ұлы Айханды Шыңғыстайға алғаш әкелген жолы Тарбағатай жайлауына апарды. Жеңгем Ардақ пен Айханға жайлаудың таза ауасын жұтқызып, саумал қымызын ішкізді. Бұның әке мен баланың бірінші әрі соңғы серуені болып қаларын кім білген?!
Ал анамыз Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болатын. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығарса салатын. Керемет даусы бар әнші де болған. Кең тынысты әндерді шырқай жөнелгенде дала тынып, тау жаңғырып кететіндей еді.
- Апаңыз «Құдай, жалғыз ұлыма жар бола гөр, жалғызымның табанын жерге, арқасын елге тапсырдым», - деп дұға етіп отырады екен. Жалғызы дүниеге келгенде отбасыларыңызда үлкен той да болған көрінеді. Жазушының атының қойылу тарихында да сыр бар сияқты. Сол сәт туралы оқырмандарымызға әңгімелеп беріңізші...
- Отбасымызда бір ұл,бес қызбыз (Шолпан, Әймен, Ләззат, Оралхан, Мәншүк және мен). Әймен мен Мәншүк-ұстаз, Ләззат- пошта қызметкері, мен кітапханашымын. Бізді өте тату әрі бауырмал етіп тәрбиеледі. Ағам үлкен апайымыз Шолпанға «Сен біздің алдыңғы дөңгелегімізсің, сен қалай дөңгеленсең, біз де солай дөңгеленеміз», - дейтін еді.
Шешеміздің көріпкелдігі бар еді, көрген түсі тура келетін. Адамдарға бір көргеннен дәл баға беретін. Ол «Құдай, жалғыз ұлыма жар бола гөр, жалғызымның табанын жерге, арқасын елге тапсырдым», - деп Алладан жалғыз ұлының амандығын тілейтін. Ағама «Оралхан» деп ат қойып, айдар тағылуынының өзі тарих. 1943 жылы әкеміз Орал қаласында еңбек армиясында жүрген кезінде ағам (28 қырқүйек, 1943 ж.) дүниеге келіпті. Әкесі Оралдан аман-есен оралсын деген ырыммен «Оралхан» атапты.
- «Қазақтың қасиетті қара сөзіне келгенде Оралханды он рет орап алғандай» Мәншүк атты қарындасы болған екен. Ол кісінің жазған дүниелері қалды ма? Қарындасының мезгілсіз қазасы ағаңызға қалай әсер етті?
- 1983-84 жылдар біздің жанұямыз үшін ауыр кезең болды. Әймен апайымыз дүниеден озды, оның қырқын беріп жатқанда әкемізден айрылдық. Мәншүк те сырқаттанып, Алматыда ауруханада жатты. Қайғыдан қан қысымы көтерілген анамыз да ауруханаға түсті. Мен еркелікті қойып, жылдам есжидым. Қаладағы қызметімді тастап, туған ауылым Шыңғыстайға кете бардым. 1984 жылы Қатонқарағайдағы аудандық ауруханада жатқан Мәншүкте бәрімізбен қоштасып, қабырғамызды қайыстырып, жер қойнынан мәңгілік мекенін тапты. Мәншүктің сүйегін «жедел жәрдеммен» Шыңғыстайдағы үйге жеткізгенше ағам ағыл-тегіл жылап, жоқтау айтып келді. Ел уата алмады.
Мәншүк ер мінезді, алғыр, терең ойлы, жанып тұрған жас еді Ф. Оңғарсынова, Д. Исабеков, Т. Жұртбай тәрізді ағамның жора – жолдастары мені көрген сайын Мәншүкті естеріне алады.
- Болашақ заңғар жазушы қандай бала, қандай оқушы болды?
- Оралхан ағам жастайынан жазушы болуды армандайтын. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдеби шығармаларды көп оқыды. Кейде кітаптан басын көтермей отырғанын көрген ата-анам «көзіңді құртасың оқыма» деп тыйым салатын. Ағамның әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқан осы пәннен сабақ берген өте сауатты мұғалімі Жомарт Нұрғазин болатын. Кейін көркем шығармадан гөрі танымдық дүниелерді көп оқыды. Ағамның күнделігінде мынадай бір қанатты сөзі бар: «Адам армандай білуі керек, армандаса- соған қол жеткізеді. Мен жазушы болуды армандадым, жазушы болдым. Менің парталас досым Жеңіс ұшқыш болуды армандады, ол да ұшқыш болды. Адам армандай отырып, соның жолында күресе білуі керек. Бүкіл адамзат саған қарап тұрғандай, өз-өзіңді шексіз жауапкершілікте сезінгенде ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың». Мәншүктің айтуынша, ағам өте тынышсыз, шағып сөйлегенді жақсы көретін, ұшқыр, тез ойланып, тез жауап беруді ұнататын бала болған екен. Оқуда озат болып, мектепті үздік бітірген. Алгебра, геометрия сабақтарынан да үлгерімі жоғары болған. Шахмат, волейбол ойнағанды ұнатушы еді.
Ағамның ел көзіне түсе бастаған бозбала кезі ме деймін. Бұйра қара шашты, өткір көзді, сәнді киінетін ағам болмаса, ауыл клубында би өтпейді екен. Ол гармоньда ойнап, жастар сол ырғақпен билейтін. Әкемнің ерте қайтыс болған Күләми деген қарындасы ағамның киімдерін сол кездің сәнімен қонымды етіп тігіп беретін.
- Үлкен өмірге алғашқы қадамы қалай басталды?
- Ағам екі жыл ауылда жұмыс істеді. Әуелі Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түскен. Өзіңіз білесіз, ол уақыттағы түсінік тым бөлек. Жалғыз ұл болғандықтан, шешем «әртіс деген жынның оқуы , одан да ауылға кеп трактор айда» деп қоймайтын. Көршінің қызы Бағилаға хат жазғызып, «ауылға қайт» деп болмады. Содан ағам ҚазҰУ- дың журналистика факультетіне ауысты. Темірбек Қожакеев ағамыз «Сен өзі шашың дудырап нағыз әртіссің ғой, әдебиетте нең бар», - деп таңдана қарапты. Өнердің екі саласымен де өмірі тығыз байланысты болды. Ағамның кейін «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Мен сізден қорқамын» атты драмалық шығармалары Алматыдағы екі театрда кезегімен қойылды. Актер, режиссерлермен жақын дос болып кетті.
- Алғашқы жұбайы Айманмен таныстығы қалай басталған еді? Жеңгелі болған күніңізді есіңізге түсіріп көріңізші......
- Үлкен Нарын ауданындағы «Еңбек туы» газетінде корректор, одан кейін осы газет редакторының орынбасары болып қызмет атқарған кезінде Айман жеңгенмен танысты. Ағам Сейітзада Ластаев ағайымыздың үйінде тұрды.. Бұрын қызды алдымен әкеп таныстыру деген болмаушы еді ғой. Ағам болса, Айманды үйдегілерге таныстыру үшін арнайы шақыру билетін шығарды. «... Сондықтан да, уа, достарым, түсінші, Осы кештің мәңгіліктік құны бар», - деген шумақтар жазылған шақыруда. Сол өтірік туған күннің соңы шынайы жарастыққа ұласты. Сөйтіп 1966 жылы өзінің нақты туған күніне төрт күн бұрын Айманды келін етіп, үйге түсірді. Мен қатты қуандым. Бұрын екеу болып ойнайтынбыз, енді үшеу болдық. Мәскеуде оқып, орысша білім алған, бір ауыз қазақша білмейтін, бірақ жүзіктің көзінен өткендей сұлу жеңгеміз біздің үйге тез сіңісіп кетті.
-Араларында үлкен махаббат болғанымен бала болмады. Оралханның өзі де – бір тұяқтан жалғыз. Перзентінің жоқтығы туралы қынжылыс білдіріп, әңгіме қозғаушы ма еді? Екеуінде ажырасу жайлы ой болмады ма? Немесе сондай қадамға бармады ма?
Тағдырдың жазуы болар, екеуінің асыл сезіммен жарасым тапқан бақытты шағы қысқалау болды. Балалы болу бақыты оларға бұйырмады. Ол үшін жеңгемді де жазғырмады. Әрине, бала туралы әңгіме оларға ауырлау соққаны жасырын емес. «Мен жалғыз ұлмын ғой, ұрпағым үзіліп қала ма, қайтеді», - деп қатты қиналғанын ағам сездірмейтін. Жеңгем де іштей күйзелетін, бірақ жылап сықтағанын сырт көзге көрсетпейтін. Бірақ барлығын екеуінің бір-біріне деген махаббаты жеңіп отырды. Ал ажырасу туралы әңгімені өз басым естіген емеспін. Жан мен тән сұлулығы жарасқан қос аққудай жұптың арасындағы үлкен махаббат күнделікті өмірдегі үлкен сыйластыққа ұласты. Әр кітабы шыққанда «Айналайын, әкем! Ақ сүт берген шешем! Құлындарыңның баласы-осы!» - дейтін және осындай қолтаңба жазып беретін. Алладан үміт үзбеген ата-анамыз ұлы мен келінінің көңіліне қарап ұрпақ жалғастығы жайлы ауызға алмады. Жақын достары да бұл тақырыпты қозғамайтын.
- Оралхан ағаның ән салатын да қасиеті болған екен. Әсіресе, мұнды әндерді орындаған деседі. Ағаңыздың орындауындағы қандай әндер есіңізде? Аспаптарда ойнаушы ма еді?
- Ағамның естіген құлаққа жағымды, әдемі қоңыр дауысы бар болатын. Көңілденген кезде, әсіресе, үйде туыстар мен құда-құдағилар бас қосқан кезде ән айтатын. Әкесі мен шешесі қолқалап «Бесқарагер» әнін айтқызатын. «Қарағай басын кессе молақ екен, Бұл дүние ойлап тұрсам шолақ екен» деп басталатын әнді жанұя болып айтатынбыз. Жақсы көріп айтатын әндері: «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Қайықта», «Құстар қайтқанда», «Жастық вальсі». Әймен апайым екеуі гармоньда жақсы ойнайтын. Ән салу шешесінен дарыған. Бірде біздің ауылға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Рәбиға Есімжанова гастрольдік сапармен келеді. Қонақ үй болмағандықтан біздің үйді ол кісіні күтіп алуға бөледі. Әке-шешем халық әндерінің шебер орындаушысын қолда барын дастарқанға қойып, құшақ жая қарсы алады. Таң атқанша ән айтылады. Сонда Рәбиға апамыз «Сенің жаныңда ән айтуым қиындап барады, сен оқымай, ауылдан шықпай қалған екенсің, әйтпесе менен де мықты әнші екенсің», - депті. Ағам ауылға келгенде «Сары өзенге салып бір ән шырқашы» дейтін анасына. Бағдат Сәмединова алғаш ән айта бастағанда қайта-қайта тыңдайтын. «Менің шешемнің ән салуына келеді екен» дейтін.
Ал мұңды әндерді орындағанын естіген емеспін. «Оралхан томаға-тұйық, бұйығып жүретін, мұңлы еді», - дегендермен де келіспеймін. Біздің шаңыраққа қайғының ауыртпалығы түскені рас. Ол барынша ашық-жарқын, жан-жағын қызыққа, қыран-топан күлкіге бөлеп, жүрген жерін думандатып кететін. Ол отырған жер кішігірім отырысқа айналып шыға келетін.
- Біз білетін жазушының халық білмейтін қандай қырлары бар еді?
- Дарынды адам барлық жағынан да дарынды келеді ғой. Бертінге дейін ұшқыш досы Жеңіс Тоғызов келгенде белдесіп күресе кететін. «Сен күнде жаттығып жүрсің ғой, көрейік ұшқыштарды қалай жаттықтыратынын» дейтін. Ағам оны білетін тәсілімен, көз ілеспейтін шапшаңдықпен алып ұратын. Айман жеңгем «бір жеріңді ауыртасың» деп бәйек болып жүретін еді.
Қарапайым оқырман біле бермейтін тағы бір қыры - Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлер дайындайтын бөлімінде «шешендік өнерден» сабақ беруі. Ол кезде досы Әшірбек Сығай осы ұжымды басқаратын. Ағам шешен сөйлейтін. Ол өз ойын тыңдаушысына әдемі, жағымды дауыспен шебер жеткізе білетін. Дикциясы анық, саңқылдап сөйлейтін. «Мен дүйім халықтың алдына конспектісіз шығып сөйлегенді ұнатамын, адамдар неғұрлым көп болса, қанаттанып кетемін», - дейтін өзі. Ал баяндама жазып оқығанды ұнатпайтын.
- Алғашқы туындылары қалай дүниеге келген еді? Жазуға отырарда уақыт, жер таңдаушы ма еді?
- Алғашқы туындыларын мектеп қабырғасында жүрген кезде жазған. Мектептегі қабырға газетінің редакторы болған. Шығармашылығын өлең жазудан бастаған, бірақ өлеңдерін аудандық газетке қарындасы Мәншүктің атынан беріп отырған. Мәншүк те өлеңдіі тәп – тәуір жазатын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде жазған алғашқы әңгімесі «Бригадир» еді. Алғашқы жазған очерк, эсселері қазақ журналистикасына тосын құбылыс болды деп толық айта аламын.
Демалысқа шықса болды, Шыңғыстайға келетін. Үйге келген бетте терезеге қарсы қойылған үстеліне портфелінен ақ қағаздарын, ұшталған бірнеше қаламын, тағы бірдеңелерді алып, ұқыптап қойып қоятын да, содан кейін басқамыздан амандық – саулық сұрасып, әңгімелесетін. Оның әлемге танылған шығармаларының көпшілігі осы кіп- кішкентай ғана Шыңғыстайда дүниеге келіп жатты. Бірақ біз ағамыздың ол шығармаларды қашан жазғанын, қай уақытта қалам ұстап үлгергенін білмей де қалушы едік. «Ағаң жазу жазып отыр, тыңышталындар» деп бізге ешкім ұрыспайтын да. Негізінде, күніне екі – үш сағат үстелге отыратынын байқайтынбыз. Ағам тез жазатын. Қолжазбасын үстінен қарап, қайта жазған, түзеткен кездері сирек кездесетін. Жазуға отырғанда уақыт та, жер де талғамайтын. Бірде өзінің жазу машығы туралы: «Тауға қарап отырғанда ой өзінен - өзі құйыла береді. Оның бәрін миыма түсіріп аламын. Әр шығармамды жазуға отырған сайын ең алғашқы әрі ең ақырғы шығармаға кіріскендей көңілім толқып жүрексінемін» дегені есімде.
- Қай туындылары сіздің көз алдыңызда жазылды?
- «Атау кере» романын біраз жыл зерттеп жүріп, Алматыдағы жазушылардың демалыс үйінде бастаған екен, «ойым сан-саққа жүгіріп жаза алмадым» деп Шыңғыстайға, ауылға келді. Осы шығарманы менің көз алдымда аз уақыттың ішінде бітіріп шықты. Ол кезде анамыздың өмірден өткеніне әлі жыл толмаған. Осы шығармадағы Нұрке кемпірдің аузына өз анасының күнделікті өмірдегі әңгімелерін сала отырып жазды. Ал араға байланысты барлық ғылыми-танымдық мақалалар мен зерттеулерді ағама бірнеше жыл кітапханадан қарап жинастырып әкеліп беріп отырдым. Ол оқыған сайын таң қалып «біз, адамдар көп нәрсені арадан үйренуіміз керек» дейтін. Жиырма күн бірге болдық. Ағама тамақ дайындаймын, күніне үш литр қымыз ішуін және жазу үстеліне отырып осы шығарманы бітіруін қадағалаймын. Ол маған берілген тапсырма еді. Кешкілік ағамның ауылдас жора-жолдастарының, туған-туысқандардың үйіне қонаққа барамыз. Осы шығарма аяқталғанда екеуміз де қатты қуандық. Ағам жазғанын қолжазба күйінде оқытуды жақтыра қоймайтын, сол жолы, «міне, бітті оқып шық» деп берді.
Өзі жоқта күнделікті ұрланып оқып жүрген «Атау керені» толық оқып шыктым. «Шығармадағы Ерікті тірі қалдырсам ба, калай?» деді де маған қойған сұрағына өзі тез жауап берді. Ол - қауіпті будан... Ағам өмірінің соңына дейін «әрбір жазушының өзін толғантқан, өзі меңгерген тақырыбы болуы керек» деген пікірінен ауытқыған жоқ.
- Сізге мақал-мәтелдер жаздырып алып отырған екен....
- Біздің үйге ауылдың ақсақалдары, көршілер көп келетін. Оларды күнде көріп жүрсе де әке-шешем асты-үстіне түсіп күтетін. Ағамның тапсырмасы бойынша мен үлкен адамдардың әңгімесін көп тыңдадым. Олар қызу әңгіме үстінде неше түрлі мақал-мәтелдерді қолданатын. Соны өздері де байқамайтын. Мен соны жазып алып, жинақтап қоятынмын. Ағам өзіне ұнағандарын белгілеп алып, кейбіреулеріне таңдана қарап, «сөзді ұмытып барамыз» дейтін. Ауылдың, үйдің барлық жаңалықтарын жіпке тізгендей етіп хат жазатынмын.
Бөкейқызы Ғалия . Әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды, ең тәкаппар адам менің ағам еді / Ғалия Бөкейқызы. // Жұлдыздар отбасы. – 2011. - № 17. - 32 – 35 б.