Артқа

Менің Оралханым

«Менің Оралханым!». Иә, тек қана менің Оралхан ағам! Білем, бұл пікіріммен өзгелер секілді Сіз де келіспейсіз! Бірақ, Бөкеев шығармаларымен танысып, оралхандық ордалы ойдың орманына бойлап, әсемдікпен әдіптеліп, сұлулыкпен сырланған сұңғыла сырдың тереңіне сүнгіп, суреткердің сезімтал, сүйіспеншілік пен махаббатка толы әлеміне сапар шеккен әр окырманның жүрегінде титтей де болсын өз Оралханы болады. Демек, менің де жүрегімде өз Оралханымнын болуы заңдылық. Егер ортамызда жүрсе қыркүйектің 28-інде 68 жасқа келеді екен. Елуіне үлгермей кеткен қаламгердің мәңгілік мекеніне оралғанына да он сегіз жылдан асты. Алғашқы өмірі тым қысқа болғанымен, екінші өмірінің ғұмыры үзақ. Себебі, өзі кеткенімен, есімін мәңгі өшірмейтін отты туындылары — мәңгілік!

Ең алғаш «Апамның астауы» арқылы қол бұлғаған балаң армандар есейе келе Қар қызы болып шақырды. «Ауыл хикаяларының» ішіне таңырқай кіріп, сол Зарқұмар ата, Иғаң, Биғаң мен Нина апайлар сынды ауылдың сан алуан мінезді аңғал да ақжарқын адамдарының боямасыз емірлерін өзім де кешіп жүргендей әсерленіп, кітаптың соңғы бетін ерекше тебіреніспен жапқаным есімде. Кей сәттері қаланың бірсарынды қытымыр тірлігінен жалығып, ауылымды аңсап, ата-әжемді сағынған кезде де көкірегіме тұнған сары сағынышты Оралхан ағама, Ор-ағаңның «Ауыл хикаяларына» оралу арқылы басатынмын. Міне, осылай, суреткердің әр туындысын қолыма алып, өзім де сол шығарма кейіпкерлерімен бірге өмір кешіп, бірге қуанып, бірге мұңайғанмын. Шығармаларының шынайылығынан болар, Шығыстың талғампаз табиғаты, кербез Алтайы мен маңғаз Мұзтауы өмірбақи сол аймақта ғұмыр кешкендей таныс болып алғаны. Шырайлы Шыңғыстай жерін көзіммен көрмесем де, қасиетті топырағына табаным тимесе де, сұлулығына тамсанып, әсемдігіне бас иер екінші туған жеріме айналып ұлгергені қашан.

Бізге, жалпы, біздің буынға Ор-ағаңдай оғланмен бір ретте кездесу бақыты бұйырмағандықтан, мен өз Оралханымды іздеуден бір сәт те тынған емеспін. Марат Қабанбай ағамыз айтатын қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып, сол жерде мәңгіліккетұрып қалған Мұзбалақтың бізден, қарапайым адамдардан әлдеқайда жоғарыға ерлеп кеткен бейнесін сол ұшар биіктен ұшыратқым келді. ...Әлдеқайдан, тым алыстан...қар шағылдардың арасынан сыңси салған қыздың мұңлы әніне құлақ түргім келді. Мұмкін ол тіпті де Қар қызының емес, Кербұғы қаламгердің бүгінгі ұрпағына ән қылып айтар жан сыры болар, мұң қылып шерткен мұң-назы болар... Сол сұлу да назды әуенмен сырласуға, мұңдасуға аңсарым ауды. Тағанның аузымен айтылатын «Неге біз осы?» деген жалғыз сауалды оқырманына қою арқылы, жанын жай таптырмай, санасын сан саққа сандалтып, ойын мың мазалаған қаламгердің алаңы мен уайымына өзімше жауап тапқым келді, соған талпындым. Тіпті болмағанда, «Албания, шалбариясын» аузынан үнемі тастамайтын «күжілдек» Құмардың Бұқтырмаға батып бара жатып неге қол бұлғағанының сырына үңілгім келді. Ор-ағаңды тудырған әулие Шыңғыстайдың киелі топырағына тәу етіп, бізге аса таныс сан характерлі ауылдың ақадал адамдарымен танысып қайтуға құмарттым. Күркіреп, дамыл таппас Күркіременің балдай шәрбатына қанып, арнасынан асып, арқырап жатар арынды Бұқтырманың асау ағысына ілескім келді. Бәлкім, дәл сол кезде «сүйікті суреткеріммен қауышармын» деген тәтті үміт жетеледі алға. Сол сенімнің жетегіне еріп, өзіме-өзім «тәуекел!» дедім де, бірнеше жылдан бері жүрексініп жүрген Алматы - Шыңгыстай бағытындағы ұлы сапарға аттанып кеттім.

Арманға барар жолда...


...Қасымда тек құрбым бар. Таныста бейтаныс Шығыс жеріне кетіп барамыз. Көңілде, кеудеде толқу мен қорқыныш сезімдері толассыз арпалысады. Толқитынымыз - Ор-ағаңның туған жеріне түскелі тұрған тұңғыш сапарымызға көз сенгенімен, көңіл сенбей өрекпитіндігі. Барған соң біздің алдымызда қандай тосын жайлардың кұтіп тұрғандығынан мүлдем бейхабармыз. Бір-бірімізге іштегі бірінен-бірі айнымайтын сол қорқынышымызды ашып айтпағанымызбен, екеуміз де үрей мен үміттің арасында арпалысып келеміз. Жанымызды жалғыз-ақ: «Ор-ағаңның шығармаларын оқыдық қой. Демек, Шығыс жері бізге жат болмауы керек» деген алдамшы үмітпен алдаусыратып, жұбатып қоямыз. Отарба жүйткіп келеді. Жүйрік-ақ. Бірақ қанша жүйткігенімен де біздің қиялымыздың қасында тым шабан. Пойыз межеленген шекараға жету үшін жанталасса, біздің арман ол шекарадан әлдеқайда бұрын асып өтіп, көкке, бірнеше есе биікке көтеріліп кеткен. Әдемі қиялдың жетегінде келеміз... Отарбаның жеткізген жерінен түсіп, ары қарайғы жолды көлікпен жалғадық. Сағат тілі таңғы 11:00-ді көрсетіп тұр. Біз мінген «Жигули» автокөлігі үлкен тас жолға шығып алып, зымырай жүйткіп келеді. Қаладан екі сағаттай ұзаған соң, қарағайлы-самырсынды ну орман басталды. Сол қалың орманның ортасына салынған жолмен тауға қарай өрледік. Екі жағымыздан қоршай, тереземізден төне телмірген тау мен самыр-сынды орман мәңгі жас, жап-жасыл қалпында көздің жауын ала жайқалады. Дәл Сіз, Сіздің ешқашан ескірмес мәңгі жасыл шығармаларыңыз сияқты...

Әне, Алтай тауы! Алыстан мұнартады. Сіз сыр ғып шертіп, жыр ғып айтар асқақ Алтай. Шексіз созылып жатыр. Өзіңіз жырлайтындай, сол баяғы асқақ күйінде, еш өзгермепті. Тек, Сіз ғана жоқсыз, Аға... Бір асудан бір асуға өтіп, бір таудан асып, бір тауды артқа ысырып, басып өткен сайын әсемдікке тамсанып, өзімше жаңалық ашып келе жатқандаймын. Сіздің қай кітабыңызды бастап оқымайын, қай-қайсысы да бірі екіншісіне мүлдем ұқсамайтын ғажайып әсерге белей¬те. Содан соң мына көліктің білдіртпей тау басына апаратыны сияқты, мен де әр шығармаңызды оқыған сайын рухани биікке қалай көтеріліп кеткенімді өзім де аңғармай қалатынмын...

«Жол мұраты - жету» десе де, осындай сұлулықты көрген сайын бойымды әсемдікке деген бір қанағатсыздық билеп, бұл сапарымның, ұлы мақсатқа бастаған ұлы жолдың таусылмауын, дәл осы жерде уақыттың бірер сәтке тоқтап қалуын тіледім іштей...

Кеме арқылы асау Ертісті басып өтіп, қайтадан тас жолға түстік. Үлкен Нарын, Қатонқарағай елдімекендерінің үстімен кешқұрым тағатсыздана күткен Шыңғыстайдың қасиетті топырағына да табанымыз тиді.

Шыңғыстайды шарлағанда...


...Қандай таза саф ауа! Құшырлана жұтамыз. Өскеменнен шығарда Азамат Қасым есімді әріптес ағамыз бағыттағандай, О.Бөкей мұражай-үйінің меңгерушісі Аман-жан Нұқсарин атаның ұйін ауыл тұрғындарынан сұрай жүріп тауып алдық. Келсек, Аманжан ата қалада болып шықты. Бізді қарсы алған осы үйдің бәйбішесі Бахтина апайға бар мән-жайды баяндап, өзіміздің құдайы қонақ екенімізді айттық. Апай бізді құрак, ұша қарсы алды.

...Бүл жақтың адамдары Ор-ағаңның өзі айтпақшы, шығар күнді бірінші болып көретіндіктен, өз несібелерін құр жібермес үшін де тым ерте тұрады екен. Жаз мезгілінде сағат таңғы 3.30-4.00 –ауыл тұрғындарының ұйқыдан оянып, шаруаларына құлшына; кірісетін дер шағы. Қалалық әдетімізге басып, түске дейін түяқ серіппей жатып алуды ыңғайсыз көріп, біз де ауыл адамдарымен бірге құлқын сәріден тұрдық. Күн енді шығып келе жатыр екен. Жүрт мал-жандарыме әуре. Ал, менің көзімді аша сала бірінші іздегенім - Оралхан-аға шығармалары арқылы жаттап өскен атақты Бүқтырма. Біз түскен үй ауылдың дәл Бұқтырма жақ қапталында болып шықты. Қақпадан шыққаннан кейінгі таяқ тастам жерде Бұқтырма баяу ғана жылжи ағып жатыр екен, жарықтық. Қаламгер «Қанды су» атайтын Бұқтырмаңыз менің көзіме баяғы асау арынынан ажыраған, тым жуас көрінді. Ол да өз жыршысын аласұра іздеп, күте-күте, ақыры аяғында күдері үзіліп, енді қайтып оралмайтынына әбден көндіккендей, жалынсыз, аса сабырлы қалпында еріне жылжиды...

Таңғы шайымызды іше салып, 0р-ағаңның туған шаңырағына баруға асықтық. Кезінде Бөкей ақсақалдың үйі өзеннің жағасында болғанымен, кейін көктемде Бұқтырма тасып үйлерін су басу қаупі туған соң, қонысты ауылдың тау жақ беткейіне ауыстырған екен. Жанында әпкесі Шолпан мен «Апамның аст уында» айтатын Әутәліп жездесінің үйі ба. Қазір ол отаудың отын өшірмей маздатып отырған Шолпан апайдың кенжесі – Талғат аға. Астанадан ата-бабасының рухына құран бағыштауға арнайы келген Ғалия апай осы үйге токтапты. Көптен бері орайы келмей жүрген кездесудің сәті Шыңғыстай жерінде түскеніне қатты қуандым. Ғалия апаймен бірге қасиетті қарашаңыраққа беттедік. Есіктің алдында жапырағын жая, төгіле жайқалған аппақ қайың әдеппен иіліп сәлем беріп, қарсы алып тұрғандай жанға жағымды-ақ. Одан әрі ауланың ішіне қарай өрледік. Алдымыздан «Оралхан Бөкей» деген жазуы бар алып қара тас-ескерткіш кезікті. Бет-әлпеті қаламгерге қатты ұқсай қоймапты. Тек иыққа төгілген шаш пен мүсіннің төменгі жағындағы «Оралхан» деген жазу ғана бұл бейненің Ор-ағаңа тиесілі екенін айқындап тұр. Егер ескерткіш осы екі белгісінен айырылса, бұл мүсіннің Оралхан-аға екенін тани қоюыңыз екі талай. Одан әрі үйді айнала жүріп өттік. Ғалия апай балалық шақтың тәтті елестерімен, Ор-ағаңмен бірге өткен кездерінің қызықты естеліктерімен бөлісті. Кезінде абыр-дабыр, төрінен бір рет сәт те қонак, арылмайтын бұл үйге жылына бір рет Ғалия апайдың келіп тұратыны болмаса, қазір ешкім тұрмайды. Есігінде үлкен қара құлып. Келген қонақтарға мұражай ретінде көрсетуге ашылмаса, қалған уақытта жабулы. Бір кездегі Бекей ата мен Күлия апайдың бала-шағасымен бірге, мәре-сәре болып жа¬тар шаңырағы қазір өлі тыныштық күйінде. Үйдің арт жағындағы қол ұстасқан қос қайың Ор-ағаңның өз қолымен отырғызған ағашы. Уақыт алға жылжыған сайын тамырын тереңге жайып, жайқалуда. Есіктің дәл алдына өскен самырсын ағашының саясында тұрған алып қара тас Ор-ағаңның үстіне отырып алып өткен-кеткен адамдардың әрекетіне көз салып, шығармаларына жаңа характер іздейтін, қарсы беттегі асқар-асқар тауларға көз салыл, қиялға берілетін ойлану орны екен. Қаламгердің басып өткен, табаны тиген әр жерге тағзым етіп, бас идік. Одан кейін үйдің ішіне де ендік. Кіруін кірсек те, сүйікті қаламгерім жайындағы мол деректік мәліметтерге қанығам деп келген үлкен үмітім, құлшынысым су сепкендей басылды. Себебі, біз бұл мұражай үйден тұрмыстык, заттардан өзге, Оралхан-ағаның өзіне тиесілі жұмыс үстелі, фотоаппараты, қолсағаты және «Найзағай» мен «Бейтаныс ару» картиналарынан басқа затты кездестіре алмадық. Тек қабырғада ілінген естелік суреттермен көңіл жұбатуға тура келді. Тіпті, кітап жиналған сөреде де өзге кітаптардың барлығы болғанымен, Ор-ағаңның аты жазылған «Ұйқым келмейдісімен» мен «Ардақ» аталатын кішкентай кітапшадан өзгесін үшырата алмадық. Ғалия апайдың айтуынша, мұндағы дүние-мүліктің кебісі кезіндегі қиын-қыстау кезеңде қолды болып кеткен екен. Есіктің құлпы орнында турғанымен, баукеспелер артқы тау жақ терезе арқылы қасиеттен, қаламгердің киесінен қорықпастан бағалы дүние-мүліктің барлығына «жиендік» етіпті. Соның салдарынан да мұражай-үйдің көп мүлкінің орны басқа заттармен алмастырыл-са, және біраз бөлігі қаламгердің мерей-тойына келген сыйлықтармен толтырылып-ты. Ор-ағаңның өзінің жеке мұрасына, кезіндегі аса қызығушылықпен жинайтын сан алуан мүштіктері мен қамшыларының, күнделік, қолжазбаларының барлығы жары Ардақ апайда қалғандықтан, қазіргі жай-күйінен Ғалия Бөкейқызы да, шыңғыс-тайлықтар да хабарсыз. Ал енді Ардақ жеңгеміздің ағаның аманатына қаншалықты адал екені бізге тағы беймәлім. Өткенде осы сауалға жауап алу үшін Жамбыл көшесінің бойындағы Алматыға келгеннен өмірінің соңына дейін тұрған, қаламгердің қара-шаңырағына барғанымызда, ол үйдің әлдеқашан, Ор-ағаң қайтқаннан кейінгі бірнеше жылдан соң-ақ сатылып кеткенін біліп, көңіліміз құлазып қайтты. Қолымыздан келгені - «Бұл үйде 1977-1993 жылдары Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Оралхан Бөкей тұрған» деген жазуға телміре қарай беру болды. Одан кейін де Ардақ апаймен кездесудің жолын қанша іздегенімізбен, бүгінге дейін сәтсіз болып келеді.

Қаламгер мен кейіпкер


Ор-ағаңның өзге жазушылардан басты ерекшелігі - шығармаларына кейіпкер болар бейнені алыстан арбалатып әбігерге түсіп, болмаса көктен іздеп, сан қиялға беріліп, ойдан шығарып машақаттанбайтындығы. Барлығы да өзінің жанындағы, үнемі көзі көріп өскен ауылдың қарапайым адамдары. Сондықтан болар, мұражайдан шыға сала іздегеніміз - Оралхан оқырмандарының жанына аса таныс, көзжақсы жақындарына айналып үлгерген шығарма кейіпкерлері -шыңғыстайлық тұрғындар болды. Өткен күнде белгі жоқ демей ме?! Уақыт алға жылжыған сайын сол Ор-ағаң кітаптарына арқау болған бейнелердің қатары да сирей бастапты. Кезіндегі жалықпай сан мәрте оқитын жұмысына жантәнімен адал беріліп, тіпті бес тиыннан мүлт кетуді ар санайтын «Бес тиындағы» Зәкең, Зарқұмар ата да, «ғұмырында ренжімейтін, дүние өртеніп, бара жатса сас.пайтын, дүниөтн, қайғысы мен қуанышын бөліп-жармайтын, меңзең, ұйқылы-ояу» Биғаң да, ол кісінің ауылдағы жалғыз адам болып орыстан алған келіншегі - Нина апай да, «бұкіл ауыл тіршілік қамы-мен қора-қопсысын түзеп, бақшасына картоп салып, арпалысып, қысқа дайындық жасап жанталасса... ысқырып қойып, теріс қарап дүңкиіп ұйықтап жатар» бейқам Иғаң да -бәрі-бәрі қазір ортамызда жоқ, тек тұрған үйлері, жасап кеткен жарқын істері мен жүрген іздері Шыңғыстайдың сан тарам сэра жолында сайрап жатыр. Кезі тірі кейіпкерлерден тек Нұрлан мен Орынбай аталар қалыпты. «Қар қызындағы» Нұржан, «Мынау аппақ дүниедегі» неміс қызына ғашық бо¬лып, ынтығатын арманшыл Нұрлан бейнелерінің прототипі Нұрлан атаны арнайы іздеп барып, бала күнінен бірге өскен досы жай-ында естелік сұрағанымызда: «Қайран, Ораш!» деп, үнсіз ұзақ ойланып қалды. Үні нен айнымас адал досы, бала күнгі серігіне деген шексіз сағыныш сезіледі. Біріне «Қиқар», біріне «Шойынқұлақ» деп ат қойып, тай-құлындай тебісіп өткен құрдас-тардың достығы ешқашан үзілген емес. Бала күнінде «Қиқар» деп қағытар қаламгер досының Айман жеңгемізге қосылған ең бақытты күніндеде қасынан табылып, жігіт-жолдас әрі шын тілеулес жанашыры болып, үлкен өмірдің айдынына аттандырған да осы Нұрлан атамыз екен. Сағынышқа толы құшағынан әлі де шыға алмай отырған атаны сәл де болсын сейілткіміз келіп, «Мынау аппақ дүниеде» Оралхан-аға жазатындай өзіңізден бірнеше жас үлкен неміс қызы Луизаға ғашық болғаныңыз рас па? – дегеніміз де, балалык, шақтың тәтті елестері жанына қайта оралғандай, бізді қарсы алғандағы жүзіндегі әуелгі мейірімге толы аса шуақты күлкісі езуіне қайта үйірілді. «Рас, аспаннан түскен періштедей болып сол немістің қызы ауылымызға келгеннен-ақ оның сұлулығына сүйсінбеген жан жоқ еді. Солардың ішінде Ораш екеуміз де бармыз. Әрине, он бес жасар баланың ғашықтығының сыры мәлім ғой. Бірақ шығармада менің атым пайдаланылғанымен, негізгі сезім, махаб-баттың барлығы Ораштың өзінің сезінгені. Соны кейін, өзіне қанша айтқаныммен, «Сені жаздым» деп Луизаға деген балаң махабба-тын ақыры мойындамай кетті», - деп ата кеңкілдеп күліп алды. Әдемі әңгімеміз одан әрі Шыңғыстайдың Шекеме деп аталатын бөлігінде тұратын Орынбай ақсақалдың үйінде жалғасты. Есіңізде болса, суреткердің анасы Гүлия мен әкесі Бөкей атаға арнап жазған «Бәрі де майдан» повесіндегі пошташы Ақан шалдың Жеңіс күні қарсаңында шағыр қасқа биесіне міне салып, Кебен тауындағы қыстаққа барыпдаңатқаншасыр-ласатын жас қойшысы - осы Орынбай ата болса, Гүлия апамыздың әдебиеттегі көркем бейнесі Алманың мүңына ортақтасар жас келіншек Күміс - Орынбай ақсақал ошағының отанасы. Сол Орынбай атамыз бен Күміс апамыздың алғашқы сезім хикаяларын Ор-ағаң кейін «Коммунизм туы» газетінде жарияланған «Өзі сүйген» әңгімесінде Алтай мен Күмісайым бейнелері арқылы төгілте суреттейді.

Жұмабай Назерке Менің Оралханым...// Қазақ әдебиеті, 2011.- 30 қыркүйек-6 қазан.- №39. - 1,4 б.

жоғарғы бет