Артқа

Тағы да Орағаңа оралу

О кісі иісі қазаққа «Лениншіл жас» арқылы танылды. Қаптаған кұрмет тақтасына ілінгендер мен «Социалистік жарыс жеңімпаздарынын» бақыттан басы айналған сәтіне куә болып жүрсе де оның «айналып-толғанғаны» өмірдің өзіндей қарапайым жандар екен. Әрі шетінен іңірде қара жолға түсіп, орман кезіп кететін кіл қиялилар. Бұларға не жетпейді. Бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындаймыз деп алқынған біреуді кездестірмейсіз. Оның койшысына дейін құммен қосылып күледі, құммен қо-сылып жылайды. Шағыл екеш шағылына дейін ән салады. Журналистика мен әдебиет әлемінің Бөкеев атты оркестріне ширек ғасырдай дирижерлік кызметті мінсіз атқарған Оралханның қолындағы таяқшасының түсіп кеткеніне 9 жыл толыпты.

Әлгі жиырма бес жылға жуық уакыттың ішінде АДАМ деп аталар күрделі ғылым мен жұмыр басты пенденің бүкіл мұң-мұқтажы мен ішкі жан-дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарын алдынызға жайып салғандығына сенгіңіз келмесе, әлі де кеш емес, оның жазған-сызғандарына үңілуге асығыңыз. Кешегі кірпияз қазақ оқырмандарына «Қамшыгер», «Жылымық», «Ұйкым келмейді», «Кербұғы», «Бура» секілді ойың мен сезіміңді астан-кестен ететін ғажайып туыңдылар ұсынғанда ол бар болғаны 25-тін ар жақ-бер жағында екен ғой. Жанынды жалғыздық пен қою мұң аралас күрсініске қарай жетелей жөнелетін «Жылымықтағы» суқараңғы Жанардың мынасы несі? «Ағымнан жарылайын - ағымнан жарылайыншы, ұстаған жерінен ағаш та сынбайды ғой, соншалықты сақтағанда мені сақтап калам дедіңіз бе? Әттең шіркін, екі көзім шырадай жанып тұрса, құлым болып, қолымнан ұстап өтер едіңіз, бас салып аймалар едіңіз, жабысып қалатындай құтылғанша асыққаныңызға қайран қаламын. Жұрт не десе де, мен де екі аяқты, жұмыр басты пендемін. Көлденең өткен көк аттыға болмаса да, мыңнан бірдін садағасы болуды тілемеді дейсіз бе? Сіз мені, аға, басқаға, сіздің қолға су құя алмайтын жатқа қор қылдыңыз, сондықтан да суық сезіммен аттандым. Шынымды айтқаныма кешіріңіз, әйтпесе табиғат бізді неге жаратты. Егер менің колымнан өзіңіз емес, тым болмаса, сізден туған балаңыз жетелеп жүрсе, одан артық бақыт бар ма еді. аға!» Кезінде бізбен қатар оқыған филфактағы таныс қыз осы жолдарға келгенде «Ұят-ай» деп алақанымен бетін басқанын әлі ұмытқаным жоқ. Ал, сен күрсіндің...

Онын ең соңғы мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1993 жылғы 30-сәуіріндегі санына жарияланыпты. «Ошақ бұты — үшеу, жағар оты — біреу» деп аталады. «Көкек өз атын өзі шақырмас үшін «жүз», «рушылдық» деген алып-қашты сөзді азайтып, «ұлттық» деген ұғымды қалыптастырайық, соны ғана насихаттайық, ағайын. Дүниеде өзі ауру болған соң бүкіл әлем ауру деп ойлаудан қауіпті де қатерлі де не бар?!» деп аяқтапты ең сонғы ойын. Ұлт татулығы мен ұлт мүддесі — киелі қаламы аркылы тірілерге қалдырған аманаты екен.

Сатыр-күтір қазіргі кезде бізге жетпейтіні «ұйқысы келмейтін» Жеңісхан мен қамшыгер Садақбай, сосын хайуан екеш хайуан болса да Бура мен Кербұғы. Жылдар жылжып, есер уақыт буын-буынына сарысу ұялата бастағанда әлгі Жанардың «Көзіңізге қараңыз, аға!» деп қиылатынын да естігің келеді. Аһ ұрып іздей бастайсың. Сағынасын соларды... Өмірге өлердей ғашық Ор-аған кей кездері от – жалын боп шарпысқан сезімдеріне өртеніп кеткен сияқты әсер қалдырады. Өртенсе, өртенген болар. Әйтпесе «Ұлылық – жалған дүниені майға шалқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, артына өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өз өміріңізді оқыс әрі әдемі аяқтау» деп жазбас еді ғой.

Тұманбайұлы К. Тағы да Орағаңа оралу: [Жазушы О. Бөкеев жайлы бірер сөз] // Жас Алаш. – 2002. – 16 мамыр. – 7б.

жоғарғы бет